Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова депутаттардың атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау туралы ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан."Атаулы әлеуметтік көмекті тоқтатуға болмайды. Бізде көмек алып отырған отбасылар бар. Онда жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар. Сондықтан оларға атаулы әлеуметтік көмекті беру керек. Алайда АӘК-тің механизмін жетілдіру бойынша депутаттармен бірге жұмыс істейміз", - деді министр. Айтуынша, бұрын атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тұрғындар өздері келіп арыз жазатын. Енді АӘК тағайындауға Отбасының цифрлық картасы көмектеседі. "Жуырда мен депутаттармен кездесіп, цифрлық картаны көрсеттім. Бізде табысы күнкөріс деңгейінен төмен, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар, объективті және субъективті себептер бар. Осыған қарап, әрбір отбасыны анықтап, атаулы әлеуметтік көмекті беру мәселесін қарастыру керек екенін айттым", - деп түсіндірді ведомство басшысы.