Жылқының жалына қияметке дейін сауап жазылған. Төрт түліктің төресі саналатын пырақты ата-бабамыз жанына серік етіп бабын келтіріп, жер Ана түлегеннен кейін дүбірлі додаға қосқан. Қазақтың атбегілік өнері бабадан балаға мирас боп жалғасын тауып келеді. Атбегілердің әдісін әріптесім Мирас Жолдыбалин сұрап білді.Мирас ЖОЛДЫБАЛИН, ТІЛШІ: Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек, тұлпардада тұлпар бар қазанаты бір бөлек. Жылқы қазақтың - жаны, бағы мен бары. Сұрағанға ат басындай алтын берсе де, астындағы атын бермеген асыл алаштың сүйікті спорты – ол бәйге. Төрт тұяқты тұлпардың дүбірін естісе делебесі қозатын қазақтың атбегілік өнері тағы бар. Атбегіліктің қыр сырын қазір білетін боламыз. Ат баптаудың әртүрлі әдісі бар. Бір ғана ортақ дүние қыста бабын келтіреді. Күш-қуат жинау үшін түрлі дәрімендер береді. Көктем келісімен бәйгеге әзірлейді. Еламан ЖАҚИЯНОВ, АТБЕГІ: Жылқының бабын қысқы уақыттан бастаймыз. Жілік майын толтырамыз. Әбден күй алып, витамин жинап жүріске дайын болғаннан бастап, ақырын-ақырын жүргіземіз. Ұзақ проездка береміз, желіске көшеміз. Желдіртіп, әбден жеңілдетіп жақсы болғаннан кейін шабысқа көшеміз. Арман Төлеуов атбегілікпен 18 жылдан бері айналысады. Сәйгүліктері аламанның алдын бермей келеді. Қанжығасы бос қайтқан кезі сирек. Осы кезге дейін 100 темір тұлпарды тақымдапты. Арман ТӨЛЕУОВ, АТБЕГІ: Көп жарыстарға қатыстық. Қазақстанда қай жерде жарыс бар, сол жерге қатысамыз. Үлкен бәйге болсын, кіші бәйге болсын қатыса береміз. 15 ат ұстағаннан кейін осында бапкерлерім бар, шабандоздарым бар жұма сайын бәйгеге қатысып отырамыз. Қазіргі уақытта бір жылқыны қолда бір ай ұстау үшін 450-500 мың арасында қаражат кетеді екен. Дәрумендері, жем-шөбі секілді шығындары шамамен осындай. Сондықтанда ат баптау сараңдардың спорты емес. М. Жолдыбалин