Әлеуметтік желіде аттестаттарын қоқыс жәшігіне тастаған мектеп түлектерінің әрекеті қызу талқылануда. Жасөспірімдер арасында бұл трендке айналғандай. Кешелі бері түрлі бейнежазба тарап жатыр. Бірі қоқысқа лақтырса, енді бірі мектеп бітіру кешінде сахна үстінде аттестатын лақтырып жібереді.Қыз-жігіттердің өрескел әрекеттері жұрттың наразылығын туғызды. Себебі құжатта мемлекеттік рәміз - Қазақстан елтаңбасы бейнеленген. Бұл елге құрметсіздік дейді. Ал білім министрлігі бұған қатысты анықтау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мереке АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Түлектердің аттестаттарын қоқыс жәшігіне лақтырып жатқан жарияланымға қатысты, видеороликтегі түлектерді анықтау бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Білім басқармаларына мектеп түлектерімен, оқушылармен және ата-аналар қоғамдастықтарымен мұндай фактілерге жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыным берілді. Тағы бір ескертетін жәйт, орта мектепті бітіргеннен кейін түлек іс-әрекетіне өзі жауап беретін жеке тұлға болып есептеледі.