Әкімдердің уәдесі бітпейді. Атырау қаласындағы Зарослый алабының тұрғындары жергілікті атқамінерлерді «уәдесіне тұрмайды» деп сынға алды. Айтуларынша, 1200 учаскесі бар аумақта проблема көп. Электр жарығы мен ауыз су қысымы тым әлсіз. Бүкіл ауыл үшін 3-ақ қоқыс жәшігі қойылған. Мәселені былтыр жыл аяғына дейін шешеміз деген қала әкімінің сөзі желге ұшып кеткен сынды деген бұқара базынасын айтып бүгін тағы жиналды.Атырау ауылдық округіне қарасты Зарослый алабынан жер учаскесі 7-8 жыл бұрын беріле бастаған. Кезегін күткен халық жапа-тармағай үй салып алуда. Алайда жарық қуатының әлсіздігінен қысы-жазы қиналамыз дейді тұрғындар. Былтыр қала әкімі желтоқсанда электр желісі толық қосылады деп, халыққа уәдені үйіп-төгіп кеткен. Эльмира МҰРТАЗАЕВА, ТҰРҒЫН: Не машина қоса алмаймыз, телевизорымыз кетті, электронный жабдықтарымыз өртеніп жатыр. Біреуін қосса, екіншісі жанып кетеді. Сол отырмыз, қоса алмай. Былтыр осындай уақытты жиналдық. Мейірім Қалауи келді өзі бізге. Жылдың аяғына дейін аяқтап береміз. Осы именно свет олар уәде беріп кеткен. Қазір енді акиматтағы да июльға дейін қалдырып отыр. Енді жасаймыз, енді жасаймызбен тек қана уақыт ұстап отыр. Светлана ҚҰСПАНТАЕВА, ТҰРҒЫН: Көңілімізді көкке апарып қойды. Декабрьге дейін тоқты береміз, жалғаймыз деді. Бәрі алулы тұр деді құралдың бәрі. Қыс бойына бір де бір қолап жұмысшы шыққан жоқ. Бір де бір электрик болған жоқ. Көрген жоқпыз. Сол тұрғаны тұр мына тоқтар. Мына тоқ дымсыз тұра беретін болса, мұны да ұрлап кетеді ғой. Уәдесінде тұрмаған соң ұялды ма, қала әкімі де, орынбасарлары да халықпен кездесуге келген жоқ. Ауыл әкімін ғана жіберген. Оның айтуынша, жер учаскесін таратқанға дейін электр желісі жүргізілген. Бірақ іске қосылмастан қолды болыпты. Содан бері бос тұрған бағандар да ескіріп үлгерген. Енді әкімдік қайтадан жобалық-құжаттама жасап, жаңадан мердігер тағайындапты. Тіпті 600-дей ескі бағанды да алмастыруға тура келіпті. Нұрлан ҚАЛМУРЗИН, АТЫРАУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Шарт негізінде 31 шілде 2023 жылға дейін Зарослый тұрғын алабының жарығын жүргізуді бітіру жоспарлануда. Мердігер мекемемен сөйлесіп отырмыз, ол кісі олар айтып отыр, шілдені күтпей, мамыр, маусым айларында бітіреміз деп отыр жұмыстарды. Әкім-қараның сөзіне сенуден қалған жұрт мердігер мекеме жұмысты созып алса, алдағы ыстықта да өлместің күнін кешеміз деп уайымдайды. Ауыл әкімі сөзге қаламын деді ме, ауыз су мәселесіне келгенде уәдені үйіп-төкпеді. Алдағы жазда да су қысымы азаяды, мәселе әзір шешілмейді деп ашық айтты. Ал қоқыс жәшігін көбейтуді коммуналдық мекемеге жеткізбек.