Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев қамауға алынды. Ол алаяқтық белгілері бойынша күдікке ілініп отыр. Облыстық прокуратура ақпаратынша, Оразбаев және 2020-2022 жылдарда әкімдіктегі лауазымды тұлғалар қаладағы рекреациялық аймақтарды, яғни жасыл-желекті, саябақ, сквер, жағалауға жататын жер учаскелерін жеке тұрғын үй құрылысы үшін заңсыз бергені анықталған. Кейбір мәліметтерге сәйкес, 27 жер учаскесін оңды-солды сатқан. ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ: 9 қараша күні ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша тергеу шеңберінде Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев ұсталды. Ол Атырау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оразбаевпен бірге тағы 2 шенді тергелуде. Прокуратура әзірге олардың есімін жариялаған жоқ. Кейбір ақпараттарға сәйкес, олар қалалық жер қатынастары және қалалық сәулет бөлімінің бұрынғы басшылары.