Отан шекарадан басталады. Бүгінде ел шебінің қауіпсіздігін кірпік қақпай қорғайтын шекарашылардың міндеті - ауыр, қызметі - қиын. Атырау облысында 15 шекара бөлімшесіне 200-дей сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуде. Олар күндіз-түні қарайғанды қалт жібермей, шекара режимін бұзуға жол бермейді. «Евразия» шекара бөлімшесінен тілші бейнематериалы.Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Мен қазір жерден 40 метр биікте «Евразия» шекара қызметінің бақылау мұнарасын тұрмын. Шекарашылар Жайық өзені мен Каспий теңізі акваториясында мемлекеттік шекараны қорғайды. Бағалы балық аулап оңай олжаға кенелмек болғандарды заң аясында тәртіпке салады. Атырау облысы шекарашылары Ресей федерациясымен шектесетін 1500 шақырымға жуық аумақты күзетеді. Оның 500 шақырымдайы осы «Евразия» шекара бөлімшесіне тиесілі. Жауынгерлер су мен жағалаудағы заңсыздықты байқаса, бірден өзге заставаларға хабарлайды. Жас жауынгер Нұрзат Ахметжанов әскерге былтыр қазан айында келген. «Бракоьерлермен бетпе-бет келген кездерім болды» дейді ол. Нұрзат АХМЕТЖАНОВ, САРБАЗ: Өзім шекарашы болғым келді. Ағаларым шекарашы болды. Солардың айтқанымен. Өзім де қызығып шекара шебіне қадам бастым. 6-7 айдың ішінде түрлі барконьерлермен бетпе бет келген кездеріміз де болды. Оларға ең бірінші хаттама толтырылмастан бұрын, бірінші ескертпе жасаймыз. Бәрін ескертеміз, содан кейін заңға сай хаттама толтырылады. Міндетін мінсіз атқарған шекарашылар былтыр 140-тан астам құқық бұзушылықты анықтаған. Биыл отызға жуық жағдай тіркелген. Шекара, ішкі су, балық аулау режимін бұзу, төлқұжатсыз жүру көп кездеседі. Жағалауда заңсыз балық аулап, шекараны бұзып өтетін браконьерлер де бар. Шекарада қызмет ету үшін бастысы ер жүректілік пен қырағылық керек дейді мұндағылар. Фариз СЕЙІТОВ, «ЕВРАЗИЯ» ШЕКАРА БӨЛІМШЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Шекарашы болу үшін білімділік керек. Сосын адамдармен жұмыс істеуді білу керек. Сосын ер мінезділік. Шекарашылар «они не ведут отступительный бой» дейді, «шекарашылар артқа бармайды». Шекарашылар артқа барса, шекара да артқа барады дейді. Кез-келген жағдайда өзіңді ұстап, жұмысты жақсылап жасау керек. Кезекшіліктен тыс мезгілде жауынгерлер бөлімшеде білімін шыңдайды. Бос уақытында домбыра мен гитарамен ән шырқайды. Айта кетейік, биылдан бастап шекара қызметінде сарбазды өз туған жерінде қалдыру тәжірибесі енгізілген. Қазір мұндағы әскери борышын өтеп жүргендердің барлығы дерлік атыраулық.