Атырау облысында 363 адамнан өзін банкрот деп тану туралы өтініш түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбековтің мәліметінше, өтінішті eGov.kz порталы мен eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшаларында, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығында қағаз түрінде беруге болады. «Банкроттыққа арызды берер алдында банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Мүлікке, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығы болмауы қажет. Атырау облысында 3 наурызда банкроттық туралы соттан тыс 70 өтініш түскен. Алғашқы өтініш электронды үкімет порталы арқылы Атырау қаласынан жергілікті уақытпен сағат 09:05-те түсті», -деп хабарлады Айдын Сауданбеков. Оның айтуына қарағанда, арызға кредитормен (екінші деңгейдегі банкпен немесе микроқаржы ұйымымен) қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі. Алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алған өтінім берушілер 12 айға кешіктіру мерзімін есепке алмай, осы рәсімді қолдануға арыз бере алады. «Алайда, банкрот деп танылғандарға ломбардтан микронесие алуды қоспағанда, 5 жыл ішінде қарыз және несие алуға тыйым салынады. Ал қайтадан банкроттыққа 7 жылдан кейін ғана өтініш беруге болады. Банкрот деп танылғандардың қаржылық жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі», -деп мәлім етті Айдын Сауданбеков.