Атыраудан Орал қаласына қатынайтын жолда екі көлік соқтығысып, бір жолаушы көз жұмды. Ал бір жүргізуші мен 3 жолаушы ауруханаға жеткізілді.Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 25 желтоқсанда тіркелген. «Жергілікті уақытпен күндізгі сағат 10:30 шамасында «Атырау-Орал» республикалық тас жолында екі көлік соқтығысты. Көліктің бірі – LADA Granta, ал екіншісі – Škoda Octavia. Жол апатынан LADA Granta автокөлігіндегі 1990 жылғы жолаушы оқиға орнында жантәсілім етті. Škoda Octavia автокөлігінің жүргізушісімен 3 жолаушы түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Полиция қызметкерлері жол-көлік апатының себебін анықтап, тиісті іс-құжаттар жинақтап жатыр. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 5 сағат бұрын полицейден ескерту алған жүргізуші адам өліміне себепші болғанын хабарлаған едік. Toyota Avalon автокөлігінің 1999 жылғы жүргізушісі 5 сағаттан кейін жол апатын жасаған. Сөйтіп, ВАЗ-2114 автокөлігінің 1988 жылғы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмуына себепкер болған. Сондай-ақ Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 89 адам мерт болғанын хабарлаған едік.