Атырау облысында шомылу маусымы басталғалы 8 адам суға батып кетті. Оның ішінде кәмелетке толмаған 2 бала бар.Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, биыл шомылу кезеңі 2 аптаға кешігіп басталды. «Су – адам үшін қауіпті апат. Әдетте, жүзе алмайтын ересектер мен балалар өкінішті оқиғаға ұрынып жатады. Тіпті жақсы жүзе алатындар суға батып кететін жайт кездеседі. Биылғы шомылу кезеңі басталған 15 маусымнан бері су айдындарында 8 адам батып кетті. Оның ішінде кәмелетке толмаған 2 бала бар. Мұндай оқиға әсіресе, суға шомылуға тыйым салынған жерлерде тіркеледі», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. Төтеншеліктер Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарына суға айдындарында шомылуға байланысты бірнеше кеңесті ұсынып отыр. «Біріншіден, су айдындарындағы рұқсат етілген учаскелерде ғана шомылу қажет. Екіншіден, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларды өз бетімен су айдындарына жібермегені, оларды қараусыз қалдырмағаны жөн. Үшіншіден, су температурасы +16°С төмен болса, шомылуды кейінге қалдырған дұрыс. Су температурасы +17 °С-ден +19 °С, ауаның температурасы +25°С болғанда, суда 10-15 минуттан артық шомылмау керек. Төртіншіден, тамақтанудан кейін 1,5 сағаттан соң ғана шомылуға болатынын ескертеміз», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.