Атырауда 1 келіден астам синтетикалық есірткі сатпақ болған екі күдікті қамауға алынды.Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдіктілер Тараз қаласынан келген. «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, 1 келіден астам синтетикалық есірткіні сатпақ болған 2 күдіктіні ұстады. Тексеру кезінде 21 және 25 жастағы екі күдіктінің Тараз қаласынан Атырауға есірткі сатуға келгені анықталды. Күдіктілердің тұрғын жайын тінту кезінде 1 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Атырау қаласының аумағында сату үшін жасырын орынға тыққан 300-ден астам орамға оралған синтетикалық есірткі табылды. Қазір күдіктілерге қатысты есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу дерегімен қылмыстық іс қозғалды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.