Атырауда 1 мыңға жуық адам «Отбасының цифрлық картасы» жобасымен атаулы әлеуметтік көмек алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаевтың айтуынша, былтырғы қыркүйекте «Отбасының цифрлық картасы» пилоттық жобасы іске қосылған. «Бұл жобаны іске асырудың басты бағыты – мемлекет қолдауына мұқтаж жандарды анықтау. Былтырғы 1 қыркүйектен бері жауапты мамандар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алуға тиесілі азаматтардың деректерін жинақтап, ескірген ақпараттарды жаңартып жатыр. Бұл жұмыстың нәтижесінде тұрғындарға тиесілі мемлекеттік қолдауды толық көрсете аламыз», -деп хабарлады Көңілқос Орысбаев. Оның дерегіне қарағанда, бұл жүйеге мемлекеттік жәрдемақылардың 9 түрі және атаулы әлеуметтік көмек тағайындау қызметі енгізілген. Аталған қызметтер бойынша 2129 адамға sms-хабарлар жолданған. Оның ішінде 953 адам ақпаратты алғанын растаған. Былтыр «Отбасының цифрлық картасы» жобасымен 628 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Ал, биылғы жыл басынан бері осындай әлеуметтік көмек алғандар саны 328 адамды құраған. «Пилоттық жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Мәселен, өткен жылы жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі енгізілген болса, биыл әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер қосылады. Ал, келер жылы денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктерді енгізу жоспарланып отыр», - деп мәлім етті Көңілқос Орысбаев.