Атырауда 75-тегі ақсақал сайлау учаскесіне бала-шағасымен келді. Жәнібек Жамалов үшін бұл – отбасылық дәстүр. Балалары әкесінің ертемен баратынын біледі.. Сондықтан әдеттегідей үлкен шаңыраққа таңертең ерте жиналды. Қазір Атыраулық тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы байланыста.Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Мен қазір 20 сайлау учаскесінде тұрмын. Мұнда 2302 сайлаушы бар. Белсенділік жақсы. Жәнібек Жамаловтың ұл-келіндері ертемен қарашаңыраққа жиналды. Өйткені ақсақал әрдайым барлық мерекеге бала-шағасымен топтасып жүргенді ұнатады. Бұл жолы да ұлттық киіммен сәнденіп алған. 5 ұлының екеуі Ербол мен Әли Жаңаөзен қаласында тұрады. Ал қасында үш баласы Азамат, Мәди, Есенжан бар. 20 немере-шөберенің атасы Отан отбасынан басталады, сондықтан еліміздің болашағы үшін дауыс береміз дейді. Жәнібек ЖАМАЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Иә, таңертең үнемі ертемен қалмай, бала-шағамызбен, келіндерімізбен дауыс береміз. Ұлыстың ұлы күні Наурызға қарсы келіп жатыр. Жаңа сайлау, Алла тағала сайланайын деп жатқан барлық кандидаттарымыздың елімізге, халқымызға экономикасын көтеріп, жақсы нәтиже күтеміз. Жаңа Қазақстанның гүлденуіне үлес қосады деп ойлаймын. Ал дауыс беру жасына жеткен немерелер үйде кішкентайларды бағып қалған. Осылайша тату отбасы екі бөлініп келеді. Жалпы сайлау учаскесіне 40 адам үйіне келуге сұраныс жіберген. Оларға сайлау жәшігін түстен кейін апарады. Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Атырау облысы бойынша 412 мың 165 сайлаушы бар. Олар 269 сайлау учаскесінде дауыс береді. Қашаған кен орнындағы «Д» аралына ауа-райының қолайсыздығына байланысты ұшақ ұшпайтын болды. Бюллетендер су көлігімен жеткізіледі.