Атырау облысында анасын балағаттаған жігіт 10 күнге қамауға алынды. Оған бұған дейін де осындай әрекеті үшін ескерту берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Атырау облысының Махамбет аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігімен Б.А.-ға қатысты іс қаралды. «Сот талқылауы кезінде Махамбет ауданының жұмыс істемейтін 31 жастағы тұрғыны Б.А. анасын сыйламай, былапыт сөйлейтіні, сөйтіп, отбасы тыныштығын бұзғаны анықталды. Ол осындай теріс әрекетке екінші рет барып отыр. Биылғы жылдың 9 қаңтарында ол осы тектес әрекеті үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылып, ескерту алған. Бірақ, бұрынғы ісінен еш нәтиже шығармай, қайталап құқық бұзушылық жасаған», -деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі. Махамбет аудандық сотының қаулысымен Б.А. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.