Атырауда бес мектептің оқушылары төртінші тоқсандағы сабақты онлайн оқиды.Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Балмұхановтың мәліметінше, №13, 31, 19, 22 және 27-мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын бастау үшін осындай шешім қабылданған. «Аталған мектептердің оқушылары төртінші тоқсанда сабақты қашықтан оқуға ауыстырылды. Себебі, наурыздың соңында бес мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қазір мердігер мекемелермен шарттар жасалып, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімі 3,5 айдан 6,5 айға дейін созылады», - деп хабарлады Ерлан Балмұханов. Оның айтуынша, кейбір мектептердің ғимараты пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан. Мәселен, 1330 оқушы білім алатын Қ.Сәтпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының ғимараты 1972 жылы іске қосылған. Содан бері білім ордасының шатыры, жылу жүйесі, терезесі ғана ауыстырылған. Ғимаратқа жеңіл жөндеу жүргізілген. Ал, электр желісі бұрынғы күйінде тұр. «Күрделі жөндеу жұмыстары авторлық және техникалық қадағалау мекемелерінің қатысуымен бекітілген жобалық-сметалық құжаттар негізінде атқарылады. Егер жөндеу жұмыстары каникул кезінде басталса, жаңа оқу жылына дейін толық аяқталмауы мүмкін. Осындай себеп ескеріліп, аталған мектептердегі оқушыларды онлайн форматта оқытуға шешім қабылданды», - деп мәлім етті Ерлан Баймүханов. Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда төбесі тесік мектептің бастауыш сынып оқушылары онлайн оқуға жіберілгенін хабарлаған болатынбыз,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, №30 мектеп-гимназиясының төбесінен су ағып, 40 кабинет жарамсыз болып қалған. «Ата-аналардың ұсынысы еекеріліп, оқу жылының соңына дейін бастауыштағы 1-4-сыныптардың оқушыларын түгелдей онлайн форматта оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Ал, 5-11-сыныптардың оқушыларын мектеп-гимназияға жақын орналасқан екі колледждің бос кабинеттерінде оқыту ұйымдастырылады. Жоғары сыныптардағы оқу сапасын төмендетпеу үшін осындай қадамға баруға тура келді», - деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.