Атырауда жаңбыр мен қар суынан үйлер суға кетіп, баспана құлап жатыр. «Мирас» ықшам ауданы тұрғындары үйлеріне құлып салып, пәтер жалдап кетуге мәжбүр. Алайда жауапты мамандар ықшамауданға төтенше жағдай жариялауға асықпай отыр. Шенділер кәріз құдығын дұрыс қоймаған тұрғындардың өздері кінәлі,- дейді. Шыдамы шегіне жеткен ашулы халық облыс әкімі Серік Шәпкеновпен кездесуге әкімдікке жиналды. Сағаттап сарылып күткенімен, аймақ басшысы орнына орынбасарын жіберіп, кездесуге келмей қойды. Мирастықтардың талабы мен атқамінерлердің айтқанын тілшіміз тыңдады. Тілектес Нығманованың пәтері жарамсыз боп қалды. Үйден заттарын алып шығып үлгермеген. «Мирас» ықшам ауданына қарасты төрт жүзден астам түтін судың ортасында отыр. Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Аулада резеңке етіксіз жүру мүмкін емес. Мирас ықшам ауданындағы көше аулалардың бәрі осылай судан кілкіп тұр. Суды қанша сорып жатса да азаяр түрі жоқ Қар мен жаңбыр суымен алысқан 10 күн бойы атқамінерлердің бірі де бой көрсетпеген. Көмек те келмеді,- дейді ашынған жұрт. Наурызбай ТӘЖАЯҚОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Шарбаққа мына етікпен азар жүрмін. Терезеден кіріп жүрмін, айналайындар. Үйдің ішінде жүзіп жүр көбі. Мен де жүзуге жақындап келе жатырмын Жақсылық БЕЙБІТБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бізге керегі ең бірінші төтенше жағдай жариялап , жан жаққа көмек керек. Апатты жағдайдың тұрған үйлер өте көп. Жаңбырбай ЖҰМАШЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біріншіден материалдық шығын, екіншіден денсаулық кетіп жатыр, судың үстінде жүр. Үшіншіден экономикалық, төртіншіден біздің құқығымыз тапталып жатыр. Ал шенеуніктер жер асты суының көтерілуіне кәріз құдығын дұрыс орнатпаған тұрғындар кінәлі,- дейді. Қайрат НҰРТАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Төтенше жағдай осы жерден айтқан бойда жарияланбайды ол. Оны біз барып, қарап, комиссиямен тексеріп, қанша үй болып жатыр, қанша апат кетіп жатыр оның нормасы бар ғой. Содан кейін шешім қабылданады. Нұртаевтың айтуынша, қазір кәріз жүйесін орнату үшін жобалық-сметалық құжат жасақталып жатыр. Сол ғана аймақтағы проблеманы шешеді. Ал әзірге өңірдегі ірі мекемелерден көмекке техника сұрап, суды сорудан басқа шешім жоқ.