Атырауда жасөспірім жоғалып кетті. 16 жасар Әсемай Қазбекова алтыншы сәуір күні кешкісін құрбысына барамын деп үйінен шығып кеткен. Содан бері ұшты-күйлі жоқ. 4 күннен бері тиісті орган қызметкерлерімен бірге жүздеген ерікті күндіз-түні іздеп жатыр. Өзеннің асты, қамыс арасы, иесіз үй мен гараждар, көше-көшені аралап, табандары таусылды. Алайда әлі нәтиже жоқ. Қыз бала соңғы рет қаладағы көпірлердің бірінің үстінен батып бара жатқан күннің суретін түсіріп, туыс-достарына жіберген.Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: Көпір үстіне жасөспірімнің шыққаны камерадан көрінеді. Екінші камера басқа бағытта қарап тұруына байланысты көпірден түскен бейнежазбасы жоқ. Қазіргі таңда су асты іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Себебі қазіргі таңда жасөспірімнің суға секіріп кетті деген де күмән бар. Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау қаласында 33 жасөспірімнің жоғалу дерегі тіркелген. Абырой болғанда, оның 32-сі үйіне аман-есен оралды.