Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 24 адам көз жұмған. Ал, 75 жолаушы түрлі дене жарақатын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев мәліметінше, биылғы жыл басынан бері 54 жол-көлік оқиғасы тіркелген. «Қазір көпшілігіміз баратын жерімізге жылдам жетуді әдетке айналдырып алдық. Бірақ көлік жылдамдығын арттырудың кесірі жол-көлік оқиғасына ұрындыруы мүмкін екенін естен шығарып аламыз. Жыл басынан бері облыс аумағындағы тас жолдарда 54 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатынан 24 адам көз жұмып, 75 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының бәрі жүргізушілердің жолаушылардың қауіпсіздігіне салғырт қарауынан болған», -дейді Ерлан Биғамбаев. Оның айтуынша, әсіресе, заңсыз такси қызметімен айналысатындар жол апатын жасап, адам өміріне, денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Соған қарамастан, облыс, аудан орталықтарында такси жүргізушілерінің саны күннен күнге артқан. «Биылғы 9 наурыз күні «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тас жолының 551-шақырымы тұсында «Ларгус» бен «Уаз» автокөліктерінің соқтығысты. Жол апатының салдарынан оқиға орнында «Ларгус» автокөлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы қаза тапты. Жеңіл көлікте болған 4 айлық нәресте мен 1 жасөспірім, «Уаз» автокөлігінің 3 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен облыстық ауруханаға жеткізілді», -деп мәлім етті Ерлан Биғамбаев.