Атырауда қала іргесіндегі ауыл тұрғындары жарыққа жарымай отыр. «Жұлдыз-3» ықшамауданы тұрғындары үп еткен желге сөнетін электр желісін жаңартуды талап еткеніне көп болған. Бірақ тиісті мамандар түрлі сылтаумен кейінге шегеріп келеді,- дейді әбден ашынған халық. «Жұлдыз-3» ықшам ауданының тұрғындары екі күннің бірінде қараңғылық құшағында қалады. Жарық бір сөнсе, 10 сағат, тіпті 1 тәуліктен кейін қосылатын көрінеді. Әсіресе, қыстың көзі қырауда, жарықпен бірге жылу қысымы азайып, әбден шаршатты,- дейді төзімі таусылған жұрт. Айбек БІТІМБАЕВ, «ЖҰЛДЫЗ-3» ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осыдан 4-5 күн бұрын сөнді. Кешкі сағат 7 жарымда сөнгеннен таңғы 5 жарымда қосылды. +Ауылдың белсенді адамдары барып, әкімшілікке арызын жазып, ток жүйесін, трансформаторларды тексеруін сұрап, сауал жолдаған еді. Одан кейін бір күннен кейін тексеріп, жасалады деген. Әлі проблема. Мәсрипа ЕСЕНҒАЛИЕВА, «ЖҰЛДЫЗ-3» ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздегі бүкіл трансформаторлардың барлығы ЖКХ-ға қарайды екен. Атырау-Жарыққа емес. Ал, Атырау-жарықтың мамандары тек свет сөнгенде ғана келеді екен. Сол кезде устранять етеді, сол кеткеннен оны ешкім қарамайды. Ал, екі жылдық техосмотрды ешкім жасамайды. Тұрғындар әлсін-әлсін сөнетін электр желісінің кесірінен тұрмыстық техникалар да бірінен соң бірі жарамсыз қалғанын айтады. Биыл екі трансформатор істен шыққан. Тұрғындар жарықтың бұлай жиі өшуіне жер асты кабельдерінің қауіпсіздік талаптарына сай жүргізілмеуі себеп,- дейді. Ал, жауаптылар кабельдер сортаң топырақтың кесірінен тез тозатынын айтады. Сондықтан, алдағы уақытта жаңасын жүргіземіз,- дейді. Бірақ нақты қашан екенін өздері де білмейді. Жасұлан МҰҚАШЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: Осы Жұлдыз-3 микрорайоны осы РП-ға дейінгі басты желіні заманауи кабельге ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталып жатыр қазір. Ол осы жылы аяқталып, сараптамадан оң қорытынды алса, сәйкесінше қаражат көздеріне байланысты жөндеу жұмыстары басталады. «Жұлдыз» ықшам ауданының бой көтергеніне небары 10 жылдай болса да, мұндағы инфрақұрылым әбден тозды, - дейді наразы жұрт. Жол да шұрқ тесіліп, қоқыс уақытылы жиналмайды. Аялдама мен қоғамдық көлік тақырыбы - бөлек жыр.