Атырауда 30 жастағы әйел мен 6 жасар қызды көлік қағып кетті. Зардап шеккен қызға ота жасалды, деп хабарлайды Kazinform.Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растаған ақпаратқа қарағанда, 7 қарашада кешкі сағат 18:00 шамасында Volkswagen Caddy автокөлігі екі адамды қағып кеткен. Сондай-ақ екі көлікке материалдық шығын келген. – Атырау қаласындағы З.Қабдолов көшесінде жаяу жүргіншіге арналмаған жолақтан өтіп бара жатқан әйел мен жасөспірімді көлік қағып құлатқан. Жол-көлік оқиғасынан 30 жастағы әйел мен 2017 жылғы қыз зардап шекті. Оқиға орнына жеткен жедел-жәрдем бригадасы зардап шеккендерді облыстық ауруханаға жеткізді, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Облыстық балалар ауруханасына түскен 6 жасар қыздың тобығына ота жасалған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауымен ем-дом алып жатыр. Кеше, 7 қарашада тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жергілікті уақытпен сағат 22:00 шамасында Атыраудағы М.Өтемісұлы және С.Датов көшелерінің қиылысында мопед пен Lada Granta көлігі соқтығысқан. Ауыр жарақат алған мопед жүргізушісі жедел-жәрдем көлігімен облыстық ауруханаға жеткізілді. Полиция қызметкерлері екі жол-көлік оқиғасына байланысты тексеруді бастап кетті.