Атырауда церебральды сал ауруына шалдыққан қызды зорламақ болған педофилге қандай үкім шыққаны айтылды, - деп хабарлайды AtyrauPress.Бұл оқиға 2022 жылы желтоқсанда Авангард шағынауданында болды. Көлікті ұрлап, 13 жастағы қызды зорламақ болған ер адамды полиция ұстады. Қыздың анасының айтуынша, баласын көлікте тастап, өзі дүкенге бірнеше минутқа кірген. Ол шыққан кезде қызы отырған көлік орнында болмаған. Атырау қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің жедел ден қоюы нәтижесінде 34 жастағы ер адам қылмыс жасамақ болған кезде ұсталды. Кейінірек мүмкіндігі шектеулі қыз церебральды сал ауруымен ауыратыны белгілі болды.Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл оқиғаға 2023 жылғы маусымда нүкте қойды. Алайда іс жабық сот отырысында қаралғандықтан, ол кезде мән-жайы жария етілмеді.Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің және оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді. Ол Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды."Сот үкімімен ер адам екі бап бойынша да кінәлі деп танылды. Сотталушы кінәсін мойындады. Оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді", - деді облыстық сот өкілі.