Ризашылық – мейірімділік бұлағы. Атырауда жұбайынан ерте айырылса да, тағдырдың талайына көніп, қалған ғұмырын бала-шағасын асырауға арнаған әкелер мен аналардың құрметіне ерекше шара өтті. Қиын шақта сүрінген, бірақ құламаған, майысқан, бірақ сынбаған жандар бүгінде перзенттерінің махаббатына бөленіп, әулеттің ардақтысына айналған. Еркінқала ауылдық мәдениет үйінде ерекше жиын. Өмірлік жарынан ерте айырылса да, қиындыққа қайыспай, шаңырағын шайқалтпай шиеттей бала-шағасын өсіріп отырған әкелер мен аналарға арналды. Бекболат Есқалиевтың жұбайы көз жұмғанда егіз ұлы 3-ақ жаста болған. Ата-ана, бауырлардың арқасында бойды тіктедік,- дейді ол. Бекболат ЕСҚАЛИЕВ, ЕРКІНҚАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қиындау болды. Жасырмайсың ғой енді. Өскеннен кейін 5 жасқа келгенде мамасын сұраған уақытта қиналып кетесің. «Мамам қайда?» -деп қайта-қайта сұрайды. Оған жауап бере алмайсың. Бара-бара «уақыт-емші»,-дейді. Жақсы қазір, өсіп, жастары 13те. Біреуі домбыраға қатысады, біреуі каратэға қатысады. Енді алдағы уақытта жақсы азамат болып өссін деймін ғой. Абат ҚАМАЕВ, ЕРКІНҚАЛА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 5 баламыз бар. Өмірлік мақсатым сол балаларды жетілдіру. Алланың қалауымен, алғыс күнінде аналарыма алғыс айтамын. Құрметке бөленген 24 кейіпкердің де өмірлік жолы - тарам-тарам. Бүгінде қиын күндер артта қалып, немере-шөбере сүйіп , әулеттің ақылшысына айналған. Бибігүл ҚҰМАРҒАЛИЕВА, ЕРКІНҚАЛА АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Ер адамдар кішкене қиындыққа төзімсіз болып келеді деп ойлаймыз ғой. Бірақ олай емес екен. Ер адамдардың ішінде де өз балаларын қанаттыға қақтырмай тұмсықтыға шоқтырмай, ешкімге жәутеңдеттірпей аялы алақынана ұстап отырған әкелер бар ортамызда. Балқия Қалиева үшін биылғы оқу жылы қуанышпен басталған. Дамуында тежеуі бар ұлы 8 жасында Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің 1-сыныпқа қабылданып, мектептен білім алып жүр. Оның әр жетістігі - ата-ана мен ұстаздың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Балқия ҚАЛИЕВА, АТА-АНА: Менің балама көңіл жақсы бөледі. Балам мектептен қалғысы келмейді. Осында келгісі келеді балам. Бұрын жазбайтын еді біздің бала, қалам ұстамайтын еді. Қазір жайлап –жайлап үйреніп, өзі жазатын болды. Апайларына сол үшін мың алғысымды айтамын. Айнагүл МӘЖЕКОВА, М.БЕКМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: Әсірсе инклюзиялық білім алатын оқушыларымыздың ата-аналарына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Себебі әртүрлі өткізіліп жатқан шараларға балаларын ешқандай шектемей, белсенді түрде қатысуына және оқушылардың үлкен жетістіктерге жетуіне өз ықпалдарын, қолдауларын білдіріп отырады әрқашанда. Бұл жандардың құшақтары гүлге, жүздері нұрға толды. Өнерпаздармен қатар, ұрпақтарының өнерін тамашалап, бір жасап қалды.