Атыраулықтар бүгін ұйқыдан қолқаны қабатын жағымсыз иіспен оянды. Бас айналдыратын улы иіс қаланың барлық мөлтекауданында дерлік байқалды. Ал ауаның сапасын бақылайтын сайтта күкіртсутектің рұқсат етілген шекті консентрациядан 20 есе артық екені көрсетілген. Әлеуметтік желі тұрғындардың шағымына толып кетті. Халық экологиялық департаменттің есігін қағып, бірінен соң бірі арыз жазуда. Бұл қайдан шыққан иіс? Экологтар не дейді? Тілшіміз анықтауға тырысты.Түннен бастап жағымсыз иіске тұншыққан атыраулықтар бір күні оянбай қаламыз ба деп қауіптенеді. Бас айналу, жүрек айну, әлсіздік жиі мазалайтын болған. Ауа сапасын бақылайтын сайтта көмірсутектің көлемі қаланың кейбір аумағында текше метрге 185 миллиграмға дейін артқанын көрсеткен. Ал шектік норма – 8. Яғни 20 еседен астамға артқан. Аймақтың бас экологы бұл - қаланың кәріз суы төгілетін «Квадрат» булану алаңынан шығып жатқан иіс, - дейді. Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бүгінгі желдің бағыты солтүстік батыстан, яғни булану алаңы «Квадраттан». Күкіртсутек көрсеткіші біздегі Air.kz мобильный приложение бойынша қалада орнатылған станция көрсеткіштері 20 есе артық пдк көрсетіп тұр. Біз бағана сағат 11-лер шамасында 3-4 есе сол жерде көрсетіп тұрды. Алайда тұрғындардың бұған айтар уәжі басқа. Таңнан бастап экология департаментіне біраз адам шағымданып келген. Олардың ойынша , жағымсыз иіске қала аумағында орналасқан Атырау мұнай өңдеу зауыты себеп болуы мүмкін. Таңат НҰРЫМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бұл иісті байқамау мүмкін емес. Түнде ояндық. Түнімен иіс болды. Анау-мынау иіс емес, бас айналдыратын, адамды тұншықтыратын иіс. Қазіргі уақытта «Квадрат» булану алаңына бүкіл қалдық сулар тазаланбай лақырылады. Квадрат екеніне сенбеймін. Бұл жерде жүйелі түрде АНПЗ ретке келтіру керек. Жүйелі түрде Квадратты тазалау керек. Жүйелі түрде қандай болмасын мекемеге лақытыруға рұқсат бермеу керек. Қарлығаш ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Менің мамандығым - химик, технолог. Құрама штаттардағы әріптестеріммен де осы мәселені талқыладық. Менің ойымша, зауыттың процесінде бұзушылық бар. Қала тұрғыны ретінде ауаны үнемі мониторниг жасауды, зауыттағы процесті қалыпқа келтіруде және бәрінің ашық болуын талап етемін. Булану алаңы дегенге сенбеймін, зауыттан шыққан иіс деп есептеймін. Онда жұмыс істемегендіктен нақты айтпаймын, жеке ойым. Бензиннің сапасы адам өмірінен қымбат болмауы керек. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты әлеуметтік желідегі парақшасында зауыттың өндірістік процесі жағымсыз иістің көзі болып табылмайды,- деп мәлімдеді. АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ:Атмосфералық ауаның сапасын бақылау постының деректері бойынша күкіртсутек бойынша шекті рұқсат етілген концентрация нормативтерінің асып кетуі тіркелді. Зауыт штаттық режимде жұмыс істейтінін хабарлаймыз. Жел солтүстік-батыста, яғни Атырау қаласынан зауытқа қарай соғады. Демек, АМӨЗ Өндірістік процесі жағымсыз иістің көзі болып табылмайды. Ал улы иістен кеудесін керіп, кең тыныстауды ұмытқан атыраулықтар мұны экологиялық гениоцидке бағалайды. "Бұл -өте алаңдатарлық мәселе, биліктің назар аударуын талап етеміз" дейді.