Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін жергілікті тұрғындар өзі сайлайды. Бұл жұмыстың жүйелі жүруіне мүмкіндік береді дейді сарапшылар. Жалпы, Президент биылғы Жолдауында барлық саланы қамтыды. Әсіресе, әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелерге қатысты жүктемелер көп. Мамандар сол міндеттер орындалса, елдің даму қарқыны әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілетініне сенімді. Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Аудан деңгейіндегі, қала деңгейіндегі әкімдерді сайлау -дұрыс қадам. Ол біздің жаңалық емес. Бұл – әлемдік практика. Сондықтан тек қана оны сайлап қоймай, өздеріне біз өзінің жұмысын сапалы, жоғары деңгейде атқару үшін мүмкіндіктер беруіміз керек. Іске асып жатқан шаралардың бәрі Президенттің бұрыннан айтып жүрген алға қойған мақсаттарының орындалып жатқанын көрсетеді. Махаббат ЕСПЕНОВА, «КАМЕДА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Ең бірінші, Президент Жолдауда құндылықтарға тоқталды. Бұл – ең бастысы. Қоғам құндылықтарына назар аудару керек. Егер осыны бір жолға қойсақ, еліміздің экономикасы да, мәдениеті де, білімі мен ғылымы да дамиды. Өйткені құндылық қай салаға болмасын керек. Тіпті, күрделі мәселелерді шешуге көмектеседі. Зүлфия БАЙСАҚОВА, «ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҚТАРЫ ОДАҒЫ» ЗТБ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ: Жолдауда экономикаға басымдық берілді. Стратегиялық жоспарлау, менеджмент саласын дамытуды тапсырды. Бұл – өте дұрыс шешім. Өйткені, біз көп жақсы идеяларды дамыта алмай жатамыз. Сондай-ақ, салық жүйесіне енетін өзгертулерге де көңілім толды.