Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайлары инвесторларға сенімгерлік басқаруға беріледі. Осы арқылы әуежайларға инвестиция тартылып, қайта реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев айтты. Әуежайлардағы арнайы техника мен жабдықтардың 50 пайызының тозығы жеткен. Биыл 230 техниканы жаңарту қажет. Министр сонымен қатар, әуежай маңындағы заңсыз берілген жерлер мемлекетке қайтарылуы тиіс деді. Марат ҚАРАБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ: Биыл әуежай аумақтарында жаңа объектілердің пайда болуына жол бермейтін заңнамалық өзгерістер қабылданды. Осыған байланысты әкімдіктер әуежай маңындағы аумақта заңсыз құрылысқа жол бермеуге ерекше назар аударып, бұрын берілген жер учаскелерін мемлекетке қайтару жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Саладағы тағы бір негізгі мәселе– авиаотын тапшылығы. Жетіспеушілік жылына шамамен 300 мың тонна. Қажеттілік әзірге импорт есебінен жабылып келеді. Ал проблеманы түпкілікті шешу үшін Үкімет басшысы тиісті ведмоствалар мен компанияларға шара көруді тапсырды. Сонымен қатар әуежайдағы сервис мәселесі өзекті екенін айтты. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Рейстердің кешігуі де қалыпты әдетке айналып барады. Оған қолайсыз ауа райы ғана себепші емес. Сондықтан, авиакомпаниялар жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуе паркін кеңейтуі қажет.