Соңғы үш аптада Ауғанстанда 60 адам қаза тауып, тағы 23 адам қар мен жаңбырдан, аяздан зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. «1600-ден астам үй ішінара қирады, осы кезеңде 177 мыңнан астам ірі қара ауа райынан қырылды», - деді Ұлттық апаттарға қарсы күрес басқармасының өкілі Мулла Джанан Саик. Оның айтуынша, апаттарға қарсы күрес басқармасы ұлттық және халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып, елдің әр түкпіріндегі 22,4 мыңнан астам зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, өзге тауарлар мен қолма-қол ақша берді. Синьхуа хабарлағандай, жақында Ауғанстанның кейбір аудандарында қатты аяз болып, қалың қар жауды. Кейбір жерлерде температура минус 30 градусқа дейін төмендеді.