Жамбыл облысының полицейлері Мойынқұм ауылының тұрғынының ауласынан алтын өндіретін цехты анықтады. Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды КТК арнасы.Телеарна ақпаратынша, Мойынқұмның 54 жастағы тұрғыны үйінде отырып кен өндірген, алтын өңдейтін цех ашып алған. Мойынқұм ауданының тұрғынын тінту кезінде сарайынан бір тоннаға тарта әр түрлі тас табылды.Тілші мәліметінше, ауыл азаматы құрамында бағалы металл бар шикізаттың біраз бөлігін қапшықтарға салып қойған. Ол көлеңкелі кәсібін кеңейту үшін түрлі техника сатып алған. Онда қолдан жасалған үш бірдей тас уатқыш тәркіленді. Қазір заңсыз қазба жұмысымен айналысқан күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды."Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 295-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық сот сараптама тағайындалды", - деді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.