Аустралияның оңтүстігіндегі Леонгата қаласының тұрғыны Эрин Паттерсон 29 шілдеде бұрынғы күйеуінің ата-анасын, енесінің әпкесі мен оның жұбайын отбасылық түскі асқа шақырды.Эрин қонақтарға түскі асқа саңырауқұлақ тағамын ұсынды. Бір апта өтпей қонақтардың үшеуі улы саңырауқұлақтан улану белгілерімен қайтыс болды. Виктория штаты полициясының мәліметінше, 70 жастағы Гейл Паттерсон мен оның 66 жастағы әпкесі Хизер Уилкинсон ауруханада қайтыс болды. Бір күннен кейін Гейлдің 70 жастағы күйеуі Дон көз жұмған. Төртінші қонақ, Хизер Уилкинсонның 68 жастағы күйеуі Ян ауруханада жатыр. Оның жағдайы ауыр. Хабарланғандай, оған бауыр трансплантациясы қажет. Бұл Леонгата шағын қаласын дүр сілкіндірді. Дүйсенбіде жергілікті БАҚ-пен сөйлескенде 48 жастағы Эрин Паттерсон қатты күйзелгенін және болған жағдайға әлі сене алмайтынын айтты. Дүйсенбідегі брифингте Виктория полициясының адам өлтіру бөлімінің детективі Дин Томас Паттерсонның күдікті екенін айтты, өйткені тамақты ол дайындаған және одан ауырмаған жалғыз ересек адам. Ол сондай-ақ Эрин Паттерсонның күйеуі Саймонмен ажырасқанын, бірақ олардың достар сияқты араласып жүргенін қосып өтті. Сол күні түскі асқа Эрин мен Саймонның екі баласы да отырды, бірақ олар басқа тамақ жеген. Олардан ауру белгілері анықталған жоқ. Томастың айтуынша, Эрин Паттерсонның қонақтарындағы ауру белгілері арамқұлақтан улану белгілеріне ұқсас. Сәуір айында Victoria Health ақшыл арамқұлақты (Amanita phalloides) «өте улы» деп атап, оны тағам ретінде пайдалану іштің қатты ауыруы, жүрек айнуы, құсу және іштің өтуі сияқты ауру белгілерін тудыратынын ескертті. Уланудың алғашқы белгілері сақталса да, бұл саңырауқұлақтарды тұтыну бауырдың ауыр зақымдалуына және өлімге әкелуі мүмкін. Эриннің түскі асқа қандай саңырауқұлақ бергені әлі белгісіз. Паттерсон тілшілердің қандай тағам дайындады деген сұрағына жауап бермей, үйіне кіріп кетті. Полицияда сенбі күні Эрин Паттерсонның үйінде тінту жүргізіліп, сот-медициналық сараптама үшін бірнеше зат тәркіленгенін растады. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарды жабайы саңырауқұлақ жинаудан бас тартуға шақырады.