«Ауыл аманаты» жобасы аясында 9 мың адам 51,6 млрд теңге шағын несие алды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Ең көп өтініш Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстары тұрғындарынан келіп түскен. Жалпы қаржы беру үшін облыс әкімдіктеріне республикалық бюджеттен 87,5 млрд. теңге аударылды. Бұдан бөлек жиында келер жылдан бастап шағын несие беру ережесіне енетін өзгертулер талқыланды. Енді мал сатып алу үшін «Ауыл аманатының» жылдық бюджетінен 50 проценттен аспайтын қаражат қана беріледі. Жобаның қатысушыларына «Қарызсыз қоғамның» мамандары тікелей көмек көрсетеді. Қазір 80 сарапшы елді мекендегі тұрғындардың қаржылық сауатын ашу үшін семинарлар өткізуде. Ақмарал БЕКМҰРЗАЕВА, «ҰЛЫ ДАЛА» АУЫЛ БИЗНЕСІН ДАМЫТУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Тұрғындардың табысы төмен, көп мөлшерде несие берешегі бар. Олар «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылық танытып, бизнес-жоспар құруға көмек сұрайды. Статистикаға сәйкес, қатысушылардың 68%-ы – әйелдер. Сондықтан, ауыл әйелдерінің бизнес-бастамаларын қолдауға арналған Кәмшат Дөненбаева атындағы қор құруды ұсынамыз. Бұл қадам ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытумен белсенді айналысуға мүмкіндік береді.