"Ауыл" партиясы бүгін Сыр елінде. Партия мүшелері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр.Кандидаттар бүгін Ақжарма ауылына барды. Сырдария ауданына қарасты бұл елдімекенде күріш өсіріп, өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар. Солардың біріне партия мүшелері ат басын бұрды. Облыстағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі күріштен бөлек, мал шаруашылығымен де айналысады. Кәсіпорын екі жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ет және сүт өнімдерінің он сегіз түрін шығарады. Саяси ұйым өкілдері мекеме жұмысымен танысты. Шаруа қожалықтың жетістігіне тәнті болған кандидаттар еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Оларға сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, партияның тұғырнамасын түсіндірді. Онан соң, облыс орталығында сайлаушылармен кездесіп, сұрақ-жауап форматында жиналыс өткізді. Кездесуде сайлауда дауыс берудің маңыздылығы айтылды. Кейін делегация мүшелері қаладағы жеке меншік мектептердің біріне барып, Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысты. Жиында жас педагогтерді ауыл мектептеріне жұмысқа тарту, ауыл мектептерінің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мәселесі талқыланды. Кейін кандидаттар оқушылар дайындаған көрмені тамашалады. Партия мүшелерінің ертеңгі жұмыс сапары Шымкент қаласында өтеді. Наталья МИШУКОВА, КӘСІПКЕР: Елімізді көтеру үшін, білім көтерілу керек. Білім көтерілген жағдайда барлық сала дамиды. Сайлау нәтижесінде жазылған бағдарламалар толық орындалса екен деген ойым бар.