«Ауыл» партиясынан мәжіліс және мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидаттар Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапарын жалғастырып жатыр. Бүгін саяси ұйым өкілдері өңірдегі сайлаушылармен кездесті.Солтүстік Қазақстан облысы жұртшылығымен кездескен «Ауыл» партиясының өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Су шаруашылығы жайлы әңгімелесіп, түйткілдерді шешу жолдарын талқылады. Жергілікті жұрт басқа да өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оған жауап алды. Бұл «Ауыл» партиясы өкілдерінің алғашқы кездесуі емес. Бұған дейін олар еліміздің оңтүстігі мен шығысын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болатын. Ал ертең партияның белсенді тобы Қостанай облысына баруды жоспарлап отыр. Ол жақта да саяси ұйымның сайлауалды тұғырнамасы түсіндіріледі. Кандидаттар халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап береді.