"Ауыл" партиясының өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Бүгін саяси ұйым атынан ұсынылған кандидаттар елордадағы электротехникалық зауытқа барды.Ұжыммен кездесіп, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген саяси бірлестік өкілдері кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен және өндіріс орнындағы еңбек жағдайымен танысты. Кәсіпорын еңбеккерлері өздерін мазалаған сауалдарын қойып, көкейдегі түйткілдерін айтты. Партия өкілдерімен қордаланған мәселелердің шешу жолдарын бірге талқылады. Ал саяси ұйымның өңірлерді аралап жүрген жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысындағы жылыжайға ат басын бұрды. Көмір жылуымен өсірілетін лимон, банан және ананас бақтарын аралады. Мәселен, лимон бағынан жылына 10 тонна өнім шығады, - дейді кешен қызметкерлері. Сайлауалды үгіт-насихат жүргізушілер жылыжай мамандарына партияның тұғырнамасын таныстырып, саяси науқанның жай-жапсарына тоқталды. Мұнан соң, "Ауыл" партиясының өкілдері науқан барысын еліміздің солтүстік аймағында жалғастырмақ. Бұған дейін саяси ұйымның белсенділері Алматы қаласына, Жамбыл және Абай облыстарына барған болатын.