Ауыл шаруашылығы министрлігі бүлінген жерлерді қалпына келтіру тәртіптерін әзірлеу үшін ведомствоға қосымша құзырет беруді ұсынды. Бұл бастама «Ашық» НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Ауыл шаруашылығы министрлігі бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобаларын әзірлеу жөніндегі нұсқаулықты әзірлейді және бекітеді», - делінген Үкімет қаулысында. Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде ведомствоға атлған функцияны беру - бүлінген жерлерді қалпына келтіру тәртіптерін әзірлеуге мүмкіндік беретіні көрсетілген. «Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар бүлінген жерлерді рекультивациялауға, олардың құнарлылығын және жердің басқа да пайдалы қасиеттерін қалпына келтіруге және оны дер кезінде шаруашылық айналымына тартуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті. Көбінесе ауыл шаруашылығы алқаптарында жердің бұзылуы орын алады. Мұндай жерлерді қалпына келтіру үшін рекультивация жұмыстарын жүргізу қажет. Сондықтан құжаттардың тәртібін, тізбесін анықтау үшін кешенді нұсқаулық әзірлеу қажет. Осыған байланысты министрліктің құзырына бүлінген жерлерді рекультивациялау жобаларын әзірлеу және бекіту функциясын енгізуді ұсынамыз», - деп қаулыға түсіндірме берілген. Құжат 3 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.