Елде соңғы 3 жылда жол саласына шамамен 1,4 трлн теңге жұмсалған. Алайда сапа сын көтермейді. Қазақстан жол сапасы бойынша 137 елдің ішінде 93-ші орында тұр. Бұл туралы бүгін сенатор Әсем Рахметова депутаттық сауалында көтерді. Ол жолдың сапасына ауыр жүк көліктері де әсер етіп отыр дейді. Сондықтанда ауыр жүк тасымалына арналған автомобильдерді бақылау мен өлшеу ісін ішкі істер органдары қызметкерлерінің функциясына қосуды ұсынды. Әсем РАХМЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Тұрғындардың ұзақ жылдар күтіп, енді ғана қолдары жеткен жолды сақтап қалуға ұмтылысы заңдылық.Осы жұмысты жүргізетін көлік инспекциясы бұл бағытта дәрменсіз болып отыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында 8 996 шақырым жолға бір ғана бақылау-өткізу пункті бекітілген. Көліктік бақылау бекеттерінде осы уақытқа дейін арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының жұмысы жолға қойылмаған, қызметкерлер саны да жеткіліксіз.