Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты.Ашығын айтсақ, елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес, түрлі саладағы түйткілдер шешілмеді. Соның салдарын енді көріп жатырмыз. Қалай десек те, алдымызда – бір ғана жол бар. Біз барлық мәселені міндетті түрде шешуіміз қажет. Бұл – заманның да, халықтың да талабы. Жүйелі жұмыс істесек, барлығы орнына келеді деп ойлаймын. Дәл қазір жасалған іс-әрекеттің игілігін ертең кейінгі ұрпақ көреді. Сондықтан бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып адал еңбек етуіміз керек, - деді ол. Президент қазақ халқы бұдан да күрделі кезеңдерді еңсергенін айтты. Халқымыз бұдан да күрделі кезеңдерді еңсерген. Бәрін берекелі бірліктің арқасында жеңе білген. Қазіргі жауапты сәтте де мызғымас ынтымағымыз айқын көрініп отыр. Осы ауызбіршілігімізден айырмасын, барлығын да еңсереміз. Қазақ «Жамандық көрмей, жақсылық болмас» дейді. Елдің бірлігі де, мамандардың кәсіби деңгейі де осындай сын сағатта шыңдалады. Қазір мыңдаған мемлекеттік қызметші құтқарушылармен, волонтерлермен бірге күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Олар апаттың алдын алу, адамдарды құтқару және тасқынның салдарын жою үшін еңбек етіп жүр. Әр азаматтың шынайы отаншылдығы нақты іс жүзінде байқалып жатыр. Халыққа қызмет ету – парыз. Ал қиын-қыстау сәтте туған ел үшін адал қызмет ету – қасиетті борыш, - деді Президент. Президент апат болған аймақтарда жаңару және жаңғыру жұмыстары басталатынын айтты. Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары еліміз көптеген сын-қатерді бастан өткеріп жатыр. Мемлекеттік аппарат қиындықтармен күресіп, мол тәжірибе жинақтады. Шыңдала түсті. Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің өмірлік сабағы тоқсаныншы жылдардағы тәжірибеден артық болмаса, кем емес. Мен су тасқынымен күресіп жатқан мемлекеттік қызметшілерге, құтқарушыларға және Еріктілерге алғысымды айтамын. Сондай-ақ күрделі жағдайда мызғымас бірлікте болып, өзара жанашырлық көрсеткен, сабыр мен төзімділік танытқан барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін. Біз бұл қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Мемлекет тарапынан барлық шаруа тиянақты жасалады. Әр қиындықтың қайыры бар. Апаттың салдарын жою – жұмыстың бір кезеңі ғана. Ең бастысы, апат болған аймақтарда жаңару және жаңғыру жұмыстары басталады. Бұл – өте маңызды шаруа. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс тұр, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.