Австралияда төрт кішкентай баласын өлтірді деген айыппен 20 жыл түрмеде отырған әйелге рақымшылық жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап.2003 жылы сот Кэтлин Фолбигті қорғаушы тараптың айтқанына сенбей, 4 баласының бәрі түгел табиғи себептен қайтыс болуы екіталай деп санады. Бірақ жақында ғалымдар осыны дәлелдейтін жаңа зерттеу жасап шығарды. Алқабилер соты 10 жыл ішінде ұлдары Калеб пен Патрикті, қыздары Сара мен Лаураны өлтіргені үшін айыпты деп танып, үкім шығарған соң Кэтлин Фолбигг «Австралиядағы ең қорқынышты кісі өлтіруші» атанған. Фолбигг 1989-1999 жылдар аралығында кішкентай төрт баласы кенеттен қайтыс болғаннан кейін қамауға алынды. Сотта прокурорлар әйел оларды тұншықтырып өлтірді деп мәлімдеді. Бұл ретте балалардың денесінен ешқандай буындыру ізі немесе қандай да бір жарақат туралы заттай дәлел келтірілген жоқ. Ақыры Фолбигг жанама дәлел негізінде сотталды: ол жеке күнделігіне ана болу оңай емес екенін және балалардың өліміне өзін кінәлайтынын жазған. Кейіннен Фолбигтің қорғаушылары бірнеше рет апелляция беріп, 2019 жылы істің қайта тергелуіне бастамашы болды, алайда бұдан еш нәтиже шықпады. Тергеу амалдарын отставкадағы судья Том Батерст жүргізген соң істің жаңа мән-жайы анықталды. Прокурорлардың көзқарасын өзгертуге негіз болған себеп - иммунологтар тобының тұжырымы болды. Олар жүргізген зерттеу арқылы Фолбигтің қыздары Сара және Лаурадан жүректің кенеттен тоқтап қалуына әкелетін calm 2 G114R деп аталатын жалпы генетикалық мутация анықталған. Ал ұлдары Калеб пен Патриктен ғалымдар басқа генетикалық мутацияны тапты. Зерттеу тобын басқарған Австралия ұлттық университетінің профессоры Карола Винуэсананың айтуынша, әлемде осы генетикалық мутациямен байланысты өлімге әкеле алатын жүрек ауруына ұшыраудың небәрі 134 оқиғасы белгілі. Жаңа Уэльс губернаторы толық рақымшылық туралы жарлыққа қол қойып, Фолбигті дереу түрмеден босатуды бұйырды. Австралия ғылым академиясының мәлімдемесінде бұл іс елдегі құқық жүйесін ғылымдағы прогресті ескере отырып реформалау қажеттігін көрсетеді делінген.