Қоғамдық көлікте ұрлық жасамақ болған күдікті ұсталды. Ол әйелдің мойнындағы алтын әшекейді шешіп алмақшы болған. Алматыда болған оқиғаны куәгерлердің бірі оны видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіде жариялады. Кадрда ер адам орындықта отырған әйелдің мойнынан алқасын шешу үшін қолын күртесімен жауып алғаны көрінеді. Куәгердің айтуынша, ол жалғыз емес. Өздерін видеоға түсіріп жатқанын байқаған соң, көліктен түсіп қалыпты. Қазір күдікті қолға түсіп, оған қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Салтанат ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен 1983 жылғы туған Ш есімді азаматты қолға түсіріп, оны қамауға алды. Белгілі болғандай, бұл азамат бірнеше рет сотты болған, осындай мүліктік қылмыстар жасағаны үшін. Қазіргі таңда оның іс-әрекеті Қылмыстық Кодекстің 188-бабы бойынша қаралуда. Тергеу жалғасуда. Елімізде қалта ұрлығы тиылмай тұр. Ол аздай пәтер ұрылары да жетерлік. Мәселен жыл басынан бері елімізде 1100-ден астам пәтер ұрысы ұсталды. Оның ішінде 59 қылмыстық топ пен 38 гастрольдік ұры бар.