Орал қаласында автокөлікке капотты тіркеп, сырғанаған 17 жасар қыз қаза тапты.БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Болат Жаңабаевтың айтуынша, оқиға 5 қаңтар күні қалаға қарасты Ветелки ауылында болды. Оның сөзіне қарағанда, сағат 23.41-де 17 жасар қыз облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмған. «Полиция қызметкерлері анықтағанындай, қыз достарымен бірге автокөлікке тіркелген ескі капотқа отырып, сырғанаған. Содан газ бағанасына соғылған. Жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірім Абай көшесінде жол ережесін сақтамай, «ВАЗ-2107» автокөлігіне капотты тіркеген. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде», - деді Б.Жаңабаев. БҚО полиция департаментінен түскен мәліметке қарағанда, жаңа жылдың алғашқы аптасында облыста жол апаттары салдарынан 7 адам қайтыс болды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жол апатынан үш адамның көз жұмғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ жол апатынан 1 адам мерт болып, 4-еуі жарақат алды.