Қазақ күресінен әлем және Азия жеңімпазы, «Қазақстан барысы» турнирінің бірнеше дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаевтың сол аяғы бірнеше жерден сынған деп хабарлады turkystan.kz.Бейбіт Ыстыбаев бес айдан бері ақсаңдап жүр. Оның айтуынша, көкпарда жүргенде оның сол аяғын ат қағып, төрт жерден бөліп түсіріпті. Палуан осы уақытқа дейін аяғына бірнеше операция жасатқан. «Осыдан бес ай бұрын Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде көкпар болды. Ойынның соңғы жағында ат соғып, сол аяғым төрт жерден сынып кетті. Үш адам көкпарға таласып жатқанбыз. Жазым ғой енді. Содан қасымдағы достарым көлікке салып сынықшыға бардық. Әлгі апа аяғымды көріп, күшім жетпейді деді. Төрт жерден бөлініп қалған ғой, былқ-сылқ етіп салбырап тұр. Одан кейін ауруханаға барып, таңға дейін операция жасады. 20 күн бұрын тағы бір операция өткіздім», – деді Бейбіт Ыстыбаев. Бейбіттің айтуынша, дәрігерлер оның сынған сүйектерін темірмен бекітіп берген. Әзірге сынған төрт жердің үшеуі ғана дұрыс орнығыпты. Ол күзде болатын көкпар ойындарына іштей дайындалып жүрмін дейді. Ал атпен қаққан адамның кім екені сол бойы жұмбақ күйінде қалған. «Күресті жеті жыл болды ғой қойғаныма. Ал көкпарды екі аяқты кесіп тастамайынша шаба береміз ғой. Құдай қаласа, күздегі ойындарға дейін толық аяққа тұратын шығармын деп отырмын. Көкпар өзі сондай ойын ғой, аяқ-қолды сындырып алу бір-ақ пәсте. Аяғымды кім сындырғанын да білмемеймін, ол адамды іздеген де жоқпын. Өзі де кешірім сұрап келген жоқ. Мүмкін қорыққан шығар. Енді ойын болғаннан кейін түрлі жағдай болып тұрады ғой. Ең бастысы бас аман болсын», – деді Ыстыбаев.