Реюньон аралының тұрғыны ас қорыту жүйесіне шағымданып жүріп, өзінің жүкті екенін білген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DailyMail сайтына сілтеме жасап хабарлайды.37 жастағы екі баланың анасы дәрігерлерге жүгінді, өйткені он күн қатарынан іші ауырған. Сонымен қатар іші ісінгенін байқапты. МРТ барысында ішінде сәби құрсақтан тыс жатқанын байқаған. Іштегі нәресте 23 апталық болды, ал плацента жамбасқа жабысып, асқазан мен ішектің арасында орналасқан. Осыған қарамастан, баланың дамуында ешқандай ауытқулар анықталған жоқ. Жатырдан тыс жүктілік өте сирек кездеседі және оның соңы әрдайым түсікке әкеледі, бұл ана үшін өте қауіпті. Алайда бұл жағдайда дәрігерлер ана мен баланы бірдей құтқарды. Осылайша жүктілік кезеңін алты аптаға ұзартып, осыдан кейін ота жасады, әрі қарай жаңа туған нәресте инкубаторға орналастырылды. Босанғаннан кейінгі 12-күні анасының іш қуысынан плацента қалдықтарын кетіру үшін қайта ота жасалды. Үш айдан соң ана мен бала ауруханадан шығарылды. Жатырдан тыс жүктілік ұрықтандыру жатыр түтігінде немесе аналық безде болған жағдайда пайда болады. Ұрық дамып келе жатқанда, түтік немесе без жарылып кетуі мүмкін. Жатырдан тыс жүктіліктің 90 пайызында эмбрион тірі қалмайды. Тірі қалғандардың ішінде балалардың 20 пайызы туа біткен ақаулар мен ми жарақаттарымен туады.