Ұлыбритания тұрғыны жағажайда кездестірген бейтаныс әйелге бір бүйрегін берген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.44 жастағы Люси Хамфри ондаған жыл бұрын жүйелі аутоиммунды дертке шалдыққан екен. Бұл ауру кезінде иммунды жүйе ағзадағы жасушаларды зақымдайды. Дәрігерлер ем мен диализ процедурасына қарамастан бүйрегін ауыстырмаса, Хамфридің 5 жылдан артық өмір сүре алмайтынын айтыпты. Кейін әйел 49 жастағы сүйіктісі Ценнид Оуэнмен бірге саяхатқа аттанып, Барри қаласындағы жағажайға келеді.Жұп көліктерін тұраққа қойып, барбекю дайындаған. Ал Хамфридің Инди есімді иті алыста отырған әйелге барғысы келген көрінеді. Иттің иесі мазасын алғаны үшін әйелден кешірім сұрауға барған. Бірақ тоқыма тоқып отырған әйел ит мазасын алмағанын айтып, барлығы жақсы екенін жеткізіпті. Кейін саяхаттап жүрген жұп Кэти Джеймс есімді әйелмен жақынырақ танысып, бірге ас ішуге шақырған. Әңгіме кезінде жағажайда отырған әйелдің жақында бүйрек доноры ретінде тіркелгенін біліпті. Тіпті мұқтаж жанға бір бүйрегін беруге әзір екенін айтқан. Осылайша әйелдер бір-бірінің байланыс нөмірін алып, тиісті сараптамадан соң Джеймстің Хамфриге донор бола алатыны анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай сәйкестік тек 22 миллионға 1 рет қана кездеседі екен. Енді әйелдер дос болып, үнемі хабар алмасып тұрады.