27 қарашада 54 жастағы әйел №2 қалалық ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.Науқастың жағдайы ауырлығы ескеріліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Әйелдің бүкіл денесінде іріңді бөртпелер пайда болған. Дене қызуы көтеріліп, басы ауыруы мен жүрек айнуына шағымданған. Әйелдің айтуынша, бұл белгілер оны 5 күн бойы мазалаған. Оның емдеуші дәрігері: "Найқас Қытайдың түрлі дәрілерін ішіп, жақпа майларын қолданған. Ол заттарды тұтынғанына төрт күн болғанда аллергиялық белгілер байқалған. Ауруханаға жатқызу кезінде әйелдің жағдайы ауыр деп бағаланды. Дене терісінің 90% зақымдалған. Бет пен денесі ісіп кеткен", - деп түсіндірді. Науқас екі апта бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Оның қанына гемофильтрация жасалып, тазартылған. Нәтижесінде әйелдің жағдайы жақсарып, терісі толығымен қалпына келген.