Әйел – түздің, еркек – үйдің шаруасымен айналысып кетті. Қазір қыз-келіншектер жігіттерге қарағанда көп жұмыс істейді. Бұл – ғалымдардың пікірі. Бұрымдылар бөріктілерден күніне 50 минут, ал жылына 39 күн артық қызмет етеді екен. Оны былай қойғанда, шаруаның шетін таппай жүрген жігіттердің саны өскен. Бір басында жүз түрлі жауапкершілік тұрса да, қолына күрек алмайтын ерлер мен ауыр жұмысты арқалаған әйелдер туралы Аружан Задабек сюжет әзірледі. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Қай жерге барсақ та қызмет көрсететін әйелдерді жиі көреміз. Әсіресе олардың арасында даяршылар көп. Сізге не керек? Тұлпардың тілін түсініп, көлікті де жөндейді. Мынаның майы ағып кеткен сияқты. Керек десең, қауіпсіздікті күзетеді. Орталық, орталық, жауап бер! Қала тазалығына да немқұрайлы қарай алмайды. Қысқасы, кез-келген жұмысты дөңгелетіп алып кетеді. Шетелдік ғалымдардың пайымынша, әлемде әйелдер ерлерге қарағанда 39 процентке артық жұмыс істейді. Сонда жігіттер жалқауланып кетті ме? Бұл сұрақты тұрғындарға да қойып көрдік. Пікір сан алуан. БЛИЦ-ОПРОС: - Еркектерге қарағанда әйелдер көп істейді. + Дұрыс емес ол. - Әйелдер мықты. Балаларды ойлайды, үйді ойлайды. Ал, еркектер алқаш қой, арақ ішеді. - Екі кісі жұмыс істемесе бәрі қымбатшылық қой. Орын ауысып кетті ол дұрыс емес. Әйелдер көп жұмыс істейді деп жүргенде, жұмыссыз жүрген жігіттердің саны тағы өскен. Өйткені, қызмет ұсынатын мекемелер, көбінесе, қыз баланы қабылдайды – дейді. Мәлік МЕДЕТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Жұмыс бірде бар, бірде жоқ шыны керек. Бір күн шығады, бір күн шықпайды жұмыс. Жұмыс болғанда, сол разнорабочий, қолдан келгенше әртүрлі жұмыстар ұсынады. Қоғам белсендісі Самал Жарова еркек пен әйелдің орны ауысып кеткенін айтты. Сөзінше, қазір әйел – түздің, еркек – үйдің шаруасымен айналысады. Самал ЖАРОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: Тәуелсіздік алған жылдары нарық біраз қыспаққа алды. Сол кезде әйелдер ала дорбасын асынып, жаппай жұмыс істеуге көшті. Бірақ, бұл нәрсе үрдіске айналмау керек. Қазір жағдай мүлдем басқаша. Еңбек нарығында жүрген әйелдердің басым көпшілігі білім беру саласында еңбек етеді. Олардың саны - 851 мың. Тағы 828 келіншек көтерме немесе бөлшек саудамен айналысады. 451 мыңы – ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында. 401 мың әйел денсаулық сақтап, халыққа әлеуметтік қызмет көрсетеді. 328 мың бұрымды өнеркәсіп секторында. Қалған 74 мыңы өнер, ойын-сауық және демалыс саласында нан тауып жүр. Статистика жалқау жігіттердің көп екенін көрсетті. Бірақ бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды. Адал термен нан тауып, қара күшпен жан бағып жүрген ерлер жетерлік. Қазақ «әйелдің тапқан 10 теңгесінен еркектің тапқан 5 теңгесі артық» дегенді бекер айтпаса керек.