Астанада әйелін тірідей өртеп жіберген ер адам балаларынан кешірім сұраған. Бүгінде ол Семейде аралас режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр. Колония қызметкерлері ер адамның қазіргі психологиялық жай-күйі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Жантүршігерлік оқиға 2015 жылы болған еді. Сол жылы мамыр айында ер адам мектептің маңында әйелін аңдыған. Бұрынғы әйелімен ұрсысып қалғаннан кейін оған бензин төгіп, өртеп жіберген. Әйел адам алған жарақаттардан қайтыс болды. Марқұм әйелдің полицияға жазған бұрынғы арызында күйеуі өзі мен үлкен ұлын өлтірем деп үнемі қорқытатыны айтылған.Ер адам қылмысты жасағаннан кейін қашып кеткен. Алайда ол бірнеше айдан соң ағасының үйіндегі жертөледен табылған еді. Ер адам сот үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Төрт баланы асырауды марқұм әйелдің анасы өз мойнына алған."Ер адаммен кездесуге ағасы мен әкесі келіп тұрады. Бәрін сол кісілерден біліп отырмыз. Жанындағы психологтарға да жағдайын айтады. Бірақ психологтар бізге бәрін айта алмайды. Алайда мекеменің психолог мамандары сотталушымен көп жұмыс істеген. Қазіргі жағдайы жақсы. Бұрынғыдай емес, жұмыс істеп, есін жинай бастады", - дейді Абай облыстық колонияның баспасөз қызметінің өкілі Жанар Смағұлова Massaget.kz тілшісіне. Ол сотталушының псхологиялық жай-күйінің өзгеруі оның жазасын өтеу мерзіміне әсет етпейтінін айтады. "18 жылға сотталды. Оның 8 жылы өтті. Қалған 10 жылы қысқармайды. Сотталушы онсыз да үшінші оң дәрежеде отыр. Ол кісі мекеменің ішіндегі шараларға қатыса бастады", - дейді ведомство өкілі. Айта кетейік, төрт баланың жалғыз асыраушысы - аналары еді. Жетім қалған төрт бала нағашы әжелерінің қарауына өткен. Себебі сот кінәлі ер адамды әкелік құқығынан айырып, балаларына 11 миллион теңге материалдық шығын өтеуді міндеттеген. Алайда 2017 жылы, яғни ер адам сотталғаннан кейін екі жылдан соң балалары бір тиын да алмағаны туралы хабар тараған еді.