Бүгін әйгілі актер, режиссер, КСРО Халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл. Осыған орай Алматыда «Қазақ киносының жарық жұлдызы» атты мәдени - танымдық шара өтті. Ұлттық театр өнері мен кино саласының қалыптасуына бүкіл ғұмырын арнаған дарынды тұлғаның әріптестері мен шәкірттері Шәкен Айманов жайлы естеліктермен бөлісіп, өткен күндерге көз жүгіртті. Шара аясында Мемлекеттік орталық музейде Шәкен Аймановтың фотоматериалдары, марапаттары және жеке заттарынан құрылған шағын көрме ұйымдастырылды. Шәкен Айманов «Абай әндері», «Жамбыл» көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарды. Ал оның «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» атты туындылары қалың жұрттың көңілінен шығып, режиссер шығармашылығының биік шыңына айналды. Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, КСРО МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, АКТЕР: Шәкен аға дархан адам болатын. Кең адам болатын. Шашып-төгіп жүреді. Біз ол кезде жаспыз. Сол Шәкен ағаның жанында балапаны ұқсап, қасынан қалмайтынбыз. Одан кейін бұл кісінің көп біле бермейтін тағы бір қасиеттері – бұл ақын адам болатын. «Әке туралы жырдың» сөзін жазған. «Дүниеге адам қонақ түнеп көшкен» - «Мәншүктегі» әні, соның сөздерінің бәрін көркемдеген сол Шәкен аға болатын.