Көпшілікке Ayree лақап атымен танымал Әйгерім Рақыш Динара Сәтжанға берген сұхбатында ұлының диагнозы туралы, басынан өткен қиындықтары жайлы жан сырын ақтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.“Балам 7 айлық болып дүниеге келді. Маған ұлымның басқа балалардан қарағанда сәл кеш дамитынын ескертті. Кейін отыра алмайтынын, өздігінен басын ұстай алмайтынын байқадық. Біз қорыққанымыздан дәрігерлерге көрініп жүрдік. Ұлым 9 айға толғанда ерекше бала (ДЦП) екенін білдік. Дәрігерлер оңалту жұмыстарына кірісу керегін, болмаса бәрі кеш болатынын айтты. Басында бұл ауру туралы ештеңе білмедім. Кейін бәрін түсіндіргенде басымнан ауыр соққы алғандай күйде болдым. Онсыз да күйзелісте жүр едім, жығылғанға жұдырық болды. Бір ай ауруханада жаттық. Баламның көз жасын көрдім, бірақ мен шарасыз күйде едім. Бір ай ауруханада жатамыз, екі ай демаламыз осылай жалғаса берді. Ауруханаға жиналып жатқанда ұлымның көзінен қорқыныш сезімін байқайтынмын. Соны көре тұра, менің бейшара күйім жаныма батты. Балам 12 жаста болса да әлі күнге дейін жүрмейді. Бірақ біз тырысып жатырмыз. Мені бар болмысыммен жақсы көретін жалғыз ер адам – балам. Оның барына атты қуанамын, ол менің алға қарай ұмтылуыма күш берді”, – дейді әнші көзіне жас алып. Әйгерімнің айтуынша, ол ұлының әкесімен араға 10 жыл салып барып кездескен. "Біз күйеуіммен бір жылдай айырылысып, қайта қосылып жүрдік. Бірақ бір күні үзілді-келісті ажырасамын деп шештім. Себебі ұлымның әкесі өз баласынан ұялатынын байқадым. Біреулер үшін менмендік немесе қатігездік болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен баламның махаббатқа қанып өскенін қаладым. Бөтен адамдардың көзқарастарынан жасқанғанын қаламаймын. Сонымен баланы өзіме алдым, ажырастым, ол адамға бақыт тіледім. Жасырмаймын, ұзақ уақыт бойы ол адамға ренжіп жүрдім. Бірақ қазір баламның барына оған алғысымды айтамын. Содан араға 10 жыл салып екеуіміз кездейсоқ кездесіп қалдық. Менің жағдайымды сұрап, ұлының суретін көрсетуін өтінді. Бірақ мен одан ұлымды қызғанып қалдым. Оларды да түсінемін, мен қалай қиналсам оларға да жағдайды қабылдау соншалықты қиынға соқты. Бұл – өмір. Бір орында тоқтап қалмау үшін олар бір шешімге келу керек болды”, – дейді Ayree.