Айтыскер ақын Айшолпан Тілеутай ұшаққа отырар алдында ыңғайсыз жағдайға тап болды, - деп хабарлайды Massaget.kz.Бұл туралы Айшолпан Instagram-парақшасында айтты. Ақынның сөзінше, ол FlyArystan әуекомпаниясының рейсіне Астанаға билет алып, ұшпақ болған кезде қызметкерлер Айшолпанның домбырасын ұшаққа кіргізбейтін болған. "Тіркеу, тексеруінен өтіп, халықпен бірге ұшаққа отырайын деп келе жатсам, алдымнан FlyArystan-ның бір қызы шықты. Ұшаққа екі-ақ аттам жер қалды. Ол маған "біз домбыраны өткізбейміз немесе сізді рейстен түсіреміз" деді. Қолымда қазақтың домбырасы, жолымда тұрмаңыз деп ары қарай кетіп бара жатсам, әлгі қыз киімімнен тартып, мені итеріп, қолымдағы домбыраны алайын деп қолымнан тартып, өзінің шамасы жетпеген соң тағы бір қызды шақырды", - дейді айтыскер ақын. Артынша екі қыз күзетшіні шақырған. "Күзетші ағамыз иманы бар намысты жігіт екен. Маған қарады, мүмкін мені таныған болар немесе қазақтың домбырасын құрметтегені болар, ештеңе демеді. Ары қарай ұшаққа отырып кеттім. Бір түсінбегенім, неге біз өз елімізде домбыраны қорлықпен тасу керекпіз? Неге елдің көзінше мені қызметкерлер жұлқылауы керек? Артымда ағалар тұр, біреуі "бұл қазақтың домбырасы ғой" демеді. Менің домбырамды қалай жұлқылағанын бірге ұшқан барлық адам көрді. Бір ашуым келгені маған "бұл компания кімдікі екенін білесің бе?" деді. Маған бәрібір кімдікі болса да", - дейді жас ақын.