«Құрманғазы – түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі». Мемлекет басшысы Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының ашылу салтанатында осылай деді. Президент білім алушыларға автобус сыйға тартты. Қазақ халқына алғысы шексіз екенін жеткізген Ильхам Әлиев мемлекет басшысына бірқатар нысандарды аралатты. Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасына мемлекеттік сапары аясында Физули қаласына барды. Мемлекет басшысын шаһар әуежайында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қарсы алды. Бірінші кезекте Президенттер Физули қаласын дамытудың бас жоспарымен танысты. Былтыр мамыр айында қала ішіндегі көшелердің негізі қаланып, тіршілік нәрімен қамтамасыз ету, кәріз және жауын суының ағу жүйесінің құрылысы басталған еді. Сонымен қатар, цифрлық қосалқы станция мен «Физули» басқару орталығы іске қосылған. Қазір 38 көпқабатты ғимараттың құрылысы жүргізілуде.Ал бұл - Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығы. Әзірбайжан жұртына қазақ халқының гуманитарлық тартуы. Бүгін бұл орталықтың ашылу рәсімі өтті. Қос ел басшылары ғимараттың лентасын қиды.Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін. Бұл Орталыққа Құрманғазының есімі кездейсоқ берілген жоқ. Өйткені қазақ халқының дәулескер күйшісінің бай мұрасы бүкіл түркі дүниесінің асыл қазынасына айналған. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев екі елдің бірлігін нығайта түсуге бұл орталықтың қосар үлесі зор болатынын айтты. Ильхам ӘЛИЕВ, ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу Сіздің бастамаңыз еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде, аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Екі қабатты ғимаратта 600 баланың бірнеше ауысыммен мектептен тыс білім алуына барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда дәріс залы, шахмат, аспаз кластары, көркемөнер және мүсін студиясы, хореография және спорт залдары, дыбыс жазу кабинеті, музыка және вокал класы, фото-бейнемонтаж, веб-дизайн және роботты техника кабинеттері, 3D-модельдеу класы бар. Орталықта IT-cтартаптарға және Әзербайжанның ұлттық мәдениетіне, соның ішінде кілем тоқу өнеріне айрықша мән берілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты. Сарапшылар бауырлас елдердің қарым-қатынасын нығайтуға мәдениет саласындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру ісі оң септігін тигізетініне сенімді. Риззат ТАСЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:Жалпы, түркі мемлекеттерінің арасындағы түркі ықпалдастығы осы мәдени-гуманитарлық саланың арқасында экономикалық жобаларды жылжытуға үлкен жол ашуда. Гуманитарлық-мәдени салаға басымдық берудің себебі де осы. Мұндай комплиментарлық тұрғыдағы жақындастықты экономикалық келісім шарттарда, сауда-саттықты арттыруда пайдалану керек. Бұл Келешекте бой көтеретін медициналық мекеме. Сыйымдылығы 180 төсек-орынға есептелген. Ғимараттың жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асады. Нысанды қазақстандық құрылыс компаниялары коммерциялық негізде салады деп жоспарланған. Мемлекет басшысының Әзербайжанға сапары әрмен қарай Шуша қаласында жалғасты. Бұл шаһар ежелден әзербайжан мәдениетінің алтын бесігі саналған. Қала заманында гүлденіп, поэзия, көркемөнер және сәулет өнері дамыған орталық болған. Бүгінде мұнда инфрақұрылым салу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше қонақ үй, музей және мешіттер бой көтерген. Тұрғын үйлер, білім беру мекемелері, әлеуметтік нысандар, шіркеулер салынып, жөнделуде. Президент мұнда бірнеше тарихи орындар мен Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған фотокөрмені аралады.