Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында екі қазақстандық жүлдегерлер қатарынан көрінді.12 шілдеден бастап күрес түрлерінен 15 және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың жетінші күнінде әйелдер күресінен 20 жасқа дейінгі жастар 5 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Олардың арасынан Шәмшиябану Тастанбек (72 келі) мен Алтын Шағаева (52 келі) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жарыс барысында Шәмшиябану Тастанбек финалда үнді қызы Харшита Харшитаға есе жіберіп, күміс медаль алды. Ал Алтын Шағаева қолаға қол жеткізді. Құрлық додада әйелдер күресінен ел құрамасы 1 күміс, 4 қола жүлдемен қорытындылады. Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасынан Лаура Ғаниқызы (50 келі) Зейнеп Баянова (55 келі), Жібекжан Сабыржанова (68 келі) қола медаль алды. Енді бүгін, 19 шілдеде 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы еркін күрес балуандары 57, 65, 70, 79 және 97 келіде салмақта жүлделерді сарапқа салады.