Қытайда өтіп жатқан жазғы Азиада ойындарының үшінші күнінде Қазақстан спорттың 18 түрінен өнер көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, отандастарымыздың қоржыны үш қола медальмен толықты. Дзюдо: Дзюдодан 81 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жұбаназар мен 63 келіде сынға түскен Эсмигүл Куюлова Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды. Спорттық ату: Оқ атудан 25 метрге жылдам атылатын тапаншамен сайыс финалында Никита Чирюкин қола медаль жеңіп алды. Бокс: Сәкен Бибосынов пен Наталья Богданова Азия ойындарын сенімді жеңіспен бастады. Су добы: Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы бірінші ойында Сингапур командасын 12:6 есебімен ұтты. Шахмат: Шахматтан 3-ші және 4-ші раунд ойындары өтті. Жекелей сында Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік 2 жеңіске жетті. Ал ерлер бәсекесінде Ринат Жұмабаев бір матчта жеңіске жетті, ал Қазбек Нөгербек бір рет тең ойнады. Теннис: Үлкен теннистен Гозаль Айнитдинова/Жібек Құламбаева жұбы алғашқы раундта қатарлық Сафия Эл-Зани/Шайха Халифаны 6:0, 6:0 есебімен ұтты. Дәл осындай есеппен Денис Евсеев те жекелей сында екінші айналымда Шығыс Тимор спортшысын жеңді. Аралас сында Жібек Құламбаева мен Григорий Ломакин Оңтүстік Кореядан келген қарсыластарын 7:6, 7:5 есебімен жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне өтті. Жағажай волейболы: Ерлер арасындағы жағажай волейболынан Қазақстан командасы жартылай финалға өтті. Гандбол: Қазақстандық гандболшылар 31:27 есебімен Өзбекстан командасын жеңді. У-шу: Аширов Абдусамат пәкістандық М.Рехманды айқын басымдылықпен жеңіп, келесі кезеңге шықты.