Бүгін президент өкімімен тағайындалған Бала құқықтары жөніндегі жаңа уәкіл Динара Зәкиева қазақстандықтар өз ұсыныстарымен хабарласа алуы үшін өзінің телефон нөмірін жариялады.Бұл туралы ол Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады. Желідегі жазбасында Динара Зәкиева жаңа лауазымға тағайындалғаны туралы пікір білдірді."Бүгін мемлекет басшысы мені Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындады. Қасым-Жомарт Кемелұлының маған артқан сенімі үлкен жауапкершілік деп білемін. Бұл - балалық шақты қорғау, отбасыларды қолдау саласындағы жағдайды жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Бұған бар күш-жігерімді саламын", - деді жаңа уәкіл.Бала құқықтары жөніндегі жаңа уәкіл жекесіне сұрақтар мен ұсыныстар келіп жатқанын, ұсыныстарды қарастыратынын, халыққа әрдайым ашық екенін атап өтті."Осы жерге жеке телефон номерімді қалдырамын. (тел: 8 705 884 70 40) Өтініш, хабарламаны жазба түрінде тек уатсапқа қалдырсаңыздар. Міндетті түрде жауап беремін", - деді ол жазбасында.Сондай-ақ ол бүгін эвакуацияланған балалармен кездесу үшін Абай облысына жол жүретінін хабарлады."Баршаңызға мәлім, мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларды оқыту мәселесі бойынша арнайы тапсырма берген болатын. Бүгін өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің балаларымен және эвакуациялық пункттердегі балалармен кездесу үшін Абай облысына барамын. Бала баршамызға ортақ. Бала-бақытымыз. Баланың құқығын қорғау әрқайсымыздың міндетіміз. Әрбір бала ата-анасының бүгінгі жағдайына қарамастан бақытты болуға лайықты. Менің жұмыстағы басты ұстанымым осы", - деп жазды ол.